"Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі" МКҚК
0

Колледж тарихы

        Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі - қазіргі заман талабына сай  жұмысшы мамандарды дайындап, облыстағы мемлекеттік тілде білім беретін құтты мекен, киелі білім ордасы. Өзінің ширек ғасырдан артық тарихында талай жастардың қанаттарын қақтырып мамандық берді. Олар республикамыздың түпкір-түпкірінде қызмет істеп, кейбіреулері жеке кәсіпкерлікпен айналысып ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосуда. Өзінің қалыптасып, өсіп-өркендеу жолында колледждің атаулары бірнеше рет өзгертілді.

            1982 жылы тамыз айында «Автожол жөндеуші» мамандарын дайындайтын №37 кәсіптік –техникалық училище құрылды. 1985 жылы «№1 кәсіптік техникалық» училище болып ауысты, 1993 жылы «№3 жоғарғы кәсіптік училище» болса, 1996 жылы «№2 кәсіптік техникалық лицей» болып өзгеріп, 2000 жылы «№19 кәсіптік - техникалық мектеп» деп аталып, 2002 жылы «№19 кәсіптік мектеп» деп өзгертілді.

2008 жылы 16 наурыздағы №102 бұйрық бойынша «№19 кәсіптік мектеп» «№19 кәсіптік лицейі» деп атауын өзгертті. 2013 жылдың мамыр айынан бастап  «Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі» болып аталды.

      Алғаш колледждің ашылуына  себеп болған еліміз үшін қажетті  жол құрылыс мамандарының тапшылығы еді. Ол  кезде гүлденіп өркендеп келе жатқан қаланы абаттандыру, жолдарды жөндеу, жаңа тас жолдарды іске қосу мемлекет алдындағы маңызды істердің бірі еді.

     Министрлікте осы мәселе оң шешімін тауып, Талдықорған қаласының шетінде 1982 жылы автожол жөндеуші мамандарын даярлайтын №37 кәсіптік–техникалық училище бой көтеріп, жан-жақтан келген жастарды оқу мен мамандықты қатар игерте бастады.

     Ашылған училище республика көлемінде жол жөндейтін мамандырды дайындайтын жалғыз оқу орны болғандықтан, оқу бітірген жас мамандар республиканың түпкір - түпкіріне жұмысқа қабылданды, оларға деген сұраныс өте жоғары болатын. Мемлекет білім мен кәсіпті игертуге жұмсалатын барлық шығынды (3 уақыт ыстық тамақ, толық жаздық-күздік киім, арнайы жұмыс киімі, стипендия т.б.) толық қарастырды.

     Училище 10 жыл бойы талай маманды жол құрылыстарын салу мен жөндеу саласына дайындап келді. Ел экономикасы дағдарысқа түсіп, мамандарға деген сұраныс пен қажеттілік бәсеңдей бастаған кезде, училищедегі осы мамандық бойынша дәріс беретін ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлері басқа салаға жұмыстарға кетті. Кеңес үкіметі ыдырап, бұрын мемлекет қаражатымен қамтамасыз етілетін оқу орындарының көбі жабылып дағдарысқа түскен кезде училищені сақтап қалу міндетке айналды. Заман үрдісіне ілесу үшін педагог қызметкерлермен ақылдаса келе жаңа мамандықтар ашу  міндеті тұрды.  Сөйтіп 1992 жылы  училищеде көркемөнер бағыты бойынша  жаңа мамандықтар ашыла бастады.  Атап айтсақ:  «Суретші-көркемдеуші», «Зергерлік бұйымдар жасаушы», «Домбыра жасаушы шеберлерді дайындау» сияқты жаңа мамандықтар ашылды.  Қазақ халқының  ұмытыла бастаған қолөнері қайта жанданып, тіріле бастады.

      20 ғасырдың 90 жылдарындағы қиын кезеңде де училище ел болашағы жастарға  мамандық беруде бір толастамай еңбек етті. Заман талабына сай жаңа мамандықтар ашу ісіне ұжым үлкен жауапкершілікпен қарады.

     Заман ағымына сай өндіріс орындарының сұранысын қанағаттандыру  мақсатында «Жиһаз жасау шебері», «Газбен, электрмен дәнекерлеуші», «Өңдеу құрылыс жұмыстарының шебері», «Электр жүйелерін монтаждаушы» мамандықтары ашыла бастады. Жаңадан ашылған мамандықтар үшін материалдық-техникалық база толығымен жеткілікті болды. Оқу кабинеттері мен шеберханалар мамандық атауына сай заманауи үлгіде безендіріліп, жаңа құрал-жабдықтардың мол қоры жинақталды.  Студенттер машықтануға Талдықорған қаласында орналасқан «Ал-Же-Тен» ЖШС, «Мақсат» ЖШС, «Өнер», «Ғаламат», «Жетісу жарнама», «Қазақтелеком» ЖШС кәсіпорындарымен келісімшарт негізінде машықтануға жіберіліп, кейін жұмысқа орналастырылды.

       Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев «Арттағыға  сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең» демекші, училищенің колледжге дейін көтерілуіне өзіндік үлес қосқан басшылардың  сіңірген ерен еңбектерін айтып жеткізгісіз.

        1982 жылдан жаңадан «Автожол жөндеуші құрылысшылар» училищесі ашылған кезде директор болып, сүрлеусіз жерге жол салып, талмай еңбектенген азамат Дүкенбаев Молдақажым Мұсаұлы еді.


Дүкенбаев Молдақажым Мұсаұлы 1942 жылы 16 сәуірде Талдықорған қаласы Гвардия ауданы Бостан ауылында дүниеге келген.  1959 жылы орта мектепті бітіріп туған ауылында трактор, машина жүргізушісі болып жұмыс істеді. 1961 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтының ауылшаруашылығын механикаландыру факультетіне оқуға  түсті.  Студенттік жылдарының соңғы курсында Рымгүл Мақсымқызымен отбасын құрды.  Өзінің еңбек жолын  Талдықорған қаласындағы  индустриалды-педагогикалық техникумда, қазіргі политехникалық колледжде  оқытушы болудан бастаған.  Аз уақыт ішінде жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасында директордың орынбасарлығына, одан кейін Талдықорған қаласындағы жаңадан №37 кәсіптік-техникалық училищеге  директорлық қызметке тағайындалды. Осы қызметте  он жыл адал еңбек етіп,  өзін жан-жақты білгір басшы екенін көрсете білді. М.М.Дүкенбаев басшылық жасаған кезде кәсіптік училищенің материалдық базасын жақсартып, оқу кабинеттері мен өндірістік оқыту шеберханалары безендіріліп, мектеп ауласы көгалдандырылды. 1991 жылдан бастап Дүкенбаев Молдақажым Мұсаұлы Талдықорғандағы индустриалды-педагогикалық техникумына директорлық қызметке тағайындалып, өмірінің соңына (2000 жыл) дейін адал қызмет атқарды. Дүкенбаев Молдақажым Мұсаұлы өмірін саналы еңбек етумен қатар  жанұясына арнады. 2 ұл, 1 қызға әке болды. Ұлын ұяға, қызын қияға  қондырды, 7 немеренің сүйікті атасы болды. Қазір олардың алды студент, арты балабақшаға барады. Ұлы Ербол Молдақажымұлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызметкер, қызы Әсел Ресей жинақ банкінде жұмыс істейді. Елінің елеулі, халқының қалаулы парасатты ұлы бола білген  Молдақажым Мұсаұлы артына өшпес із қалдырды. Оның игілікті істері, атқарған қызметі, сіңірген еңбегі көпшілік есінде мәңгі қалады. Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміз үлкен бетбұрыс, қайта құру кезеңіне бет алды.  Еліміз енді ғана ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздігіне  қол жеткізіп, аяғынан тәй-тәй басып келе жатқанда  білім саласында да қайта құру кезеңі басталды.  Барлық оқу орындары  жабылып, кейбір оқу орындары жеке меншікке өтіп жатты. Дәл осы қиын да жауапкершілігі батпандай кезде басшылыққа Оспанов Маман Оспанұлы келді.  Жаңа  басшыдан жаңа ізденіс пен білімділік, біліктілік пен  қажырлы еңбек,  жауапкершілік пен табандылық  талап етілді. Қайта құру кезінде таралған жол құрылысшыларының орнына ұлттық  қолөнерді жандандырып, «суретші-көркемдеуші», «домбыра жасау шебері», «зергерлік бұйым жасау шебері» т.б мамандықтар ашылды. Жастарға берілетін жаңа мамандықтар үшін жаңа мамандарды жұмысқа тарту, олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын қарастыру басшының басты міндеті болып тұрды және оның шешімін  таба білді.


Оспанов Маман Оспанұлы 1936 жылы 20 мамырда Көксу ауданы Талапты ауылында дүниеге келді.  1955 жылы Үштөбе қаласындағы №16 орта мектепті тамамдап, Жаркент қаласындағы педучилищеге түсіп, 1957 жылы бастауыш сынып мұғалімі бола жүріп, 1964 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтына математика пәні бойынша сырттай оқуды бітіреді.  1969 жылы оқуын ойдағыдай  аяқтайды. 1970 жылы Көксу ауданы Энгельс орта мектебіне директор, 1976 жылдан Кербұлақ ауданы халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі, 1989 жылы облыстық халыққа білім беру басқармасының бірінші орынбасары, 1990 жылы облыстық білім басқармасына қарасты №3 көркемсурет және қолөнер жоғары кәсіптік лицейіне директорлыққа тағайындалды. 

Лицейдегі қызметі кезінде жаңа мамандықтар үшін материалдық базаны толықтыру, оқу кабинеттерін жабдықтау, оқу-әдістемелік бағдарламаны құруға басшылық жасауды шеберлікпен іске асырды. Басшылық қызметте жүріп бір адамға дауыс көтермей-ақ істі алға жетелеуде қарапайым мінезімен  ұжымды топтастыра білген білгір басшы болды. Оспанов Маман Оспанұлы қазіргі кезде колледж ұжымының сағына күтетін қонағы. Жыл сайын қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын шараның құрметті қонағы. Жастарға еңбек пен білімнің алмас шыңы болмайтыны туралы айтқан тағылымды ақыл-кеңесі көпшіліктің жүрегінде. Колледждегі директорлық қызметтен кейін  Маман Оспанұлы  Көксу ауданындағы Талапты орта мектебінде директорлық қызметке тағайындалып, зейнеткерлікке шыққанша талмай еңбектеніп, қыруар істің көшбасшысы   болды. Білім саласындағы сіңірген  қажырлы  еңбегі үшін мемлекетіміздің талай марапаттарына ие болды. Атап айтсақ: 1976 жылы Қазақ ССР халық ағарту ісінің  озық қызметкері, 1984 жылы КСРО халыққа білім беру ісінің озық қызметкері, 1996 жылы ҚР білім беру ісінің үздігі, 2007 жылы  ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері белгісін, Білім  министрлігінің, облыстық білім басқармасының Құрмет Грамоталарымен  бірнеше мәрте марапатталған білгір де білімді абзал азамат. Оспанов Маман Оспанұлы қазіргі кезде құрметті демалыста. Өсірген ұл-қыздарының қызығын көріп, немере-шөбереге қамқор ата. Колледждегі қиын кезеңде  өзінің қабілеті мен білімінің арқасында өзіндік еңбек сіңірген азаматтың бірі  1997 жылдың сәуірінен 2002 жылға дейін директорлық қызмет атқарған азамат – Уәлиев Марат Өскенбайұлы.


Уәлиев Марат Өскенбайұлы 1945 жылы 6 ақпанда Ақсу ауданы Ақсу селосында туған. Талдықорған қаласындағы мектеп–интернаттан 11 жылдықты аяқтап Алматыдағы дене шынықтыру институтын бітіреді. Ақсу құрылыс техникумында дене шынықтырудан 5 жыл сабақ береді. Ол кезде ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныстың жоғары екендігін ескеріп Талдықорған зооветтехникумда зоотехник мамандығын, Алматыдағы ауылшаруашылық институтын сырттай бітіреді. Жастарға дене тәрбиесін өмірлеріне серік ету мақсатында 1970 жылы Ақсу аудандық «Қайрат» спорттық клубын құрып, талай спортсмендерді тәрбиелейді. Марат Өскенбайұлы самбо мен грек-рим күресінен «Спорт шебері» атанған азамат. Уәлиевтің жоғары ұйымдастырушылық шеберлігін байқаған басшылар 1973 жылы Қаракемер совхозында кәсіподақ ұйымының төрағасына сайлайды. Өзіне жүктелген жауапкершілікті адал атқарып, қызметі өсіп, 1977-1984 жылдар аралығында Қаскелең ауданы Жандосов атындағы совхозда бас агроном қызметіне ауысады. 1984-1991 жылдары Шелек ауданында жүзім совхозына бас агроном қызметінде жүріп  совхоз директорына дейін өседі. Қызмет бабымен 1991 жылы Талдықорған қаласындағы «Береке» агрофирмасына бас агроном болады. Ауыл шаруашылығы бейтарап күйге түсіп, ауыл жағдайы құлдыраған кезде білім беру саласының қызметіне қайта ауысады. Ол 1996 жылы облыстық білім беру мекемесінде бөлім меңгерушісі, ал 1997 жылы Талдықорғандағы №3 жоғары кәсіптік лицейіне директордың қызметіне келеді. Әр іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын Уәлиев Марат Өскенбайұлы директорлық қызметте болған кезде жастарды спортқа жұмылдыру, салауатты өмірге баулуға, көркемөнерпаздар үйірмесін жандандыруға көп күш салды. 2000 жылы Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне қолөнер бұйымдарынан көрме апарып, І орын иеленіп келді. Білім саласындағы еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. 2001 жылы ҚР «Білім беру үздігі» атағына ие болды. Қазіргі кезде құрметті демалыста.


Самылтыров Нұрғали Әшімбекұлы Алматы облысы Ұйғыр ауданының тумасы. Қаршадайынан еңбекке араласып, қиындықты жеңе білді, ертеңгі нұрлы күнге деген сенімі оны алға жетеледі. Шонжы аулынан оқуын бітіре салып, бойына намыс оты лаулап ешкімнен қалмай, Талдықорған қаласындағы  индустриалды-педагогикалық техникумға оқуға түсті. Табандылығы мен білімділігінің арқасында сол кездегі студенттердің ішіндегі мыңнан біреуіне ғана бұйыратын ең жоғарғы «Лениндік стипендиат» атануының өзі Нұрғали ағаның бойындағы көп адамдық қасиеттен хабардар етсе керек. Бойындағы ғылымға деген құштарлықты,  білімділік пен біліктілікті байқаған техникум басшылары оны техникумда ұстаздыққа  қалдырады. Еңбек пен білімді қатар  ұштастыра жүріп, жоғары оқу орнын да бітіріп алды. Оны кісілік қабілеті мен елеулі еңбегі қатардағы ұстаздықтан директордың өндірістік оқыту ісі жөніндегі орынбасарлығына дейін көтерді. Кейін қызметі жоғарылап 2002 жылдан бастап Талдықорғандағы №19 кәсіптік лицейіне директорлық қызметке келіп, өмірінің соңына дейін аталған оқу орнын басқарып келді. Оның адамгершілік келбеті осы кезде айқын көрініс тапты. Жаңа қызметке келе сала қыруар шаруаларды іске асырды. 20 жылдан астам уақытта бір жөндеу жұмысын көрмеген оқу ғимараттарының су сорғалаған төбелерін жаңалап жапқызуға бар күш-жігерін жұмсады. Білгір де көреген басшы лицей үшін, ұжым үшін уақытпен санаспай еңбектенді. Кез келген адаммен тіл табыса алатын елгезек қабілетінің арқасында барлық жұмысты алға жылжытты. Басшылық қызметте жүргенде өтінішпен келген адамның сұранысын орындамайынша тыным таппайтын жанашыр азамат еді. Лицейде талай адамға қол ұшын берді, талай адам оның қамқорлығын көрді. Біреуге қатты айтса ренжіп қалмады ма деп бет-жүзіне қарап, дауысын бірден бәсеңдетіп, жылы сөйлеп, шаруасын шешіп, жаны байыз табатын, бала мінезді жанашыр адам еді. Қаншама қиналған адамның өмірге деген құштарлықтарын арттырды, қиындықтан шығар жол сілтей білді. Білім саласындағы қажырлы еңбегі мен жастарды тәрбиелеудегі табыстары үшін 2007 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрлігі «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Самылтыров Нұрғали Әшімбекұлы аз өмір сүрсе де мәңгі ұмытылмастай із қалдырды. Иә, уақыт ығысады, ұрпақ алмасады, жылдар жалғасады. Нұрғали аға, сіздің рухыңыздың алдында бас иеміз, жарқын бейнеңіз әркімнің жүрегінің төрінен орын алғанына сенімдіміз.


Жұмаділов Әсет Қазыйұлы

2013 жылдың сәуір айынан бастап колледждің басшысы қызметіне Жұмаділов Әсет Қазыйұлы тағайындалды. Ә.Қ.Жұмаділов 1967 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысы Қабанбай ауылында дүниеге келген. Қабанбай ауылындағы мектепті аяқтап, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтынының жалпы техникалық пәндер (ОТД) мамандығы бойынша 1992 жылы ойдағыдай аяқтап, Талдықорған қаласындағы №3 жоғары кәсіптік училищеге жұмысқа қабылданады. Білімді де жігерлі  жас алғашында алғашқы әскери дайындық сабағынан дәріс беріп, жауапкершілігі мен талапкерлігінің арқасында 1 жылдан соң, яғни 1993 жылдан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы жылдары оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары деңгейінің арқасында оқу орны талай сайыстар мен байқауларда жүлдегер атанып, облыс , қала көлеміне танымал болды. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп жақсы нәтиже көрсете білетінін байқаған жаңа басшы Н.Ә.Самылтыров оны сол кезде ақсап тұрған өндірістік оқыту саласына орынбасар етіп тағайындады. 2008 жылдан бастап іске кірісіп өндірістік оқыту шеберханаларына жөндеу жұмыстарын жүргіздіріп, жаңадан ашылған мамандықтардың оқу бағдарламаларын, материалдық базаларының талапқа сай болуына көп еңбек сіңірді. Барлық өндірістік оқыту шеберханаларына жаңа заман талабына сай безендірілуіне де баса назар аударды.

Жұмаділов Әсет Қазыйұлының бойындағы білім мен біліктілік, жауапкершілік пен тиянақтылық  оны 2013 жылы директорлық қызметке тағайындалуына себепкер болды. Аз уақыт қана директорлық қызметінде талай игілікті істерге ұйытқы бола білді. «Еліміздің болашағы-жастардың қолында, ал жастардың болашағы-ұстаздардың қолында» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзін берік ұстанған басшы ұстаздардың сабақ беру деңгейін көтеру мақсатында әдістемелік көмекті дұрыс жолға қойғызып, әр сабаққа ұстаздың тиянақты дайындалуын талап етуде. Биылғы жылдың өзінде ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлерін облыстық конференциялармен кіші ғылым академияларына қатысуына басшылық жасады. Нәтижелерде ауыз толтырып айтарлықтай. Жастар үйіндегі студенттердің тұрмыс-жағдайы әрқашан директордың назарынан тыс қалған емес, оны материалдық жағынан  толықтыруға әрдайым көмек беруде. Қызметіндегі табысты еңбектері жоғары бағаланып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  бірнеше рет «Құрмет Грамотасымен», облыстың білім басқармасының «Құрмет Грамотасымен», облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

-    2015 жылы ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.

-  Колледждің қаржылық-экономикалық үнемделуі мен материалдық-техникалық базасының өсуіне зор үлес қосқаны және кәсіпорын қызметін сапалы, заман талабына сай ұйымдастыра білген шеберлігі үшін «Экономика мақтанышы» орденімен марапатталды.

- 2017 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.